
ЕҰУ ұжымы Мемлекет басшысының Жолдауын тыңдады

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің басшылығы мен оқытушылары Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауын тыңдады.
Жолдауда еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, ғылым мен білімді өркендету, адами капиталдың сапасын арттыру және жаңа технологияларды кеңінен енгізу мәселелері қамтылды.
«Жасанды интеллект пен цифрлық экономиканы дамыту сапалы білімді, қуатты ғылымды және жаңа буын мамандарын даярлауды талап етеді. Бұл ретте университеттердің білім мен ғылыми зерттеу орталығы ретіндегі рөлі арта түседі.
Жолдауда халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға да ерекше көңіл бөлінді. Денсаулық сақтау мен білім беру салаларын дамыту, зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін жетілдіру, әлеуметтік осал топтарды қолдау және ең төменгі жалақыны 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін арттыру жөніндегі бастамалар халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған. Бұл шаралар өңірлердің дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына оң ықпал етеді», – деді проректор Ләззат Төлегенқызы.
Көлік-энергетика факультетінің деканы Өміржан Қоқаев Жолдауда көлік пен энергетика салаларын дамытудың басым бағыттары нақты айқындалғанын атап өтті.
«Көлік инфрақұрылымын жаңғырту, транзиттік әлеуетті арттыру, логистикалық жүйені жетілдіру және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – еліміздің тұрақты экономикалық дамуы үшін аса маңызды міндеттер.
Университет ғалымдары мен мамандары көлік және энергетика салаларына қажетті білікті кадрларды даярлау, ғылыми зерттеулер жүргізу және инновациялық жобаларды жүзеге асыру арқылы аталған міндеттерді орындауға үлес қосуға дайын», – деді Өміржан Қоқаев.
Жиын барысында Жолдауда көтерілген бастамалардың ел дамуы үшін маңызы талқыланып, жоғары білім мен ғылым саласына жүктелген міндеттерді жүзеге асыруға университет ғалымдары мен оқытушыларының белсенді қатысуы қажеттігі айтылды.
Сәулет-құрылыс факультетінің деканы Ерлан Сәбитов «Халықтық құрылыс» бағдарламасының елді мекендердің сәулеттік келбетін жаңартып, құрылыс саласының дамуына тың серпін беретінін жеткізді.
«Бағдарлама аясында заманауи тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар мен инженерлік инфрақұрылымдар салынып, халықтың өмір сүру сапасы арта түседі. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындары ашылып, отандық құрылыс материалдарының өндірісін дамытуға және білікті мамандар даярлауға мүмкіндік туады.
Бұл бағдарлама еліміздің барлық өңірінде жүйелі жүзеге асырылса, Қазақстанның көркеюіне елеулі үлес қосады. Сәулет және құрылыс саласының мамандары ретінде біз де осы ауқымды міндеттерді іске асыруға дайынбыз», – деді Ерлан Сәбитов.
Жиын қорытындысында ЕҰУ ұжымы Мемлекет басшысының стратегиялық бастамаларын қолдайтынын және оларды жүзеге асыруға білім мен ғылымның әлеуетін жұмылдыруға дайын екенін білдірді.
