
ЕҰУ мен Психологиялық қолдау орталығы әлеуметтік педагогтерді қолдауға бағытталған семинар ұйымдастырды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Жоғары білім мектебінің педагогика кафедрасы мен Астана қаласы әкімдігінің Психологиялық қолдау орталығы бірлесіп «Әлеуметтік педагогтердің кеңес беру құзыреттерін дамыту» тақырыбында республикалық семинар ұйымдастырды. Іс-шара №45 жалпы орта білім беретін мектепте офлайн және Zoom платформасы арқылы онлайн форматта өтті. Семинарға жалпы білім беру ұйымдарының әлеуметтік педагогтері қатысты.
Іс-шараның ашылуында ЕҰУ Жоғары білім мектебінің директоры Нұриля Қасымбекова әлеуметтік педагогтің бала мен отбасына қолдау көрсетудегі рөліне тоқталды.
«Қазіргі мектеп – білім алатын орын ғана емес, баланың тұлғасы, құндылықтары, өзіне деген сенімі қалыптасатын және өмірлік қиындықтарды еңсеруді үйренетін орта. Осындай жағдайда әлеуметтік педагогтің рөлі ерекше маңызға ие. Ол баланың қиындықтарын алғашқылардың бірі болып байқап, отбасы мен мектеп арасындағы байланысты нығайтуға, жанжалдардың алдын алуға және қажетті қолдау көрсетуге ықпал етеді.
Тиімді кеңес беру – жай ғана кәсіби дағды емес. Бұл – адамды тыңдай білу, оның мәселесін түсіну, сенімді қарым-қатынас орнату және дұрыс шешім табуға көмектесу қабілеті», – деді ол.
Астана қаласы Психологиялық қолдау орталығы басшысының орынбасары Нұрперзент Қарибеков орталықтың қызметі мен білім беру ұйымдарындағы әлеуметтік педагогтердің жұмысын үйлестіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Оның айтуынша, 2024 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан орталық мектептермен, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарымен, балабақшалармен байланыс орнатып, педагог-психологтер мен әлеуметтік педагогтердің қызметін үйлестіреді. Сонымен қатар мамандардың тәжірибе алмасуына және кәсіби біліктілігін арттыруына жағдай жасауға басымдық беріледі.
Пленарлық отырыста әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Акмарал Магауова әлеуметтік педагогтің кеңес беру қызметіндегі этикалық қағидаттарды қарастырды. Ал Шәкәрім университетінің философия докторы (PhD) Айнұр Орынбекова болашақ әлеуметтік педагогтердің кәсіби дағдылары мен фасилитаторлық құзыреттерін қалыптастыру мәселесін көтерді.
Басқа баяндамаларда әлеуметтік педагогтің кеңес беру жұмысындағы психологиялық аспектілер, ата-аналармен өзара әрекеттесу, отбасыларды цифрлық құралдар арқылы қолдау және мамандардың кәсіби құзыреттерін дамыту мәселелері қозғалды. Сонымен қатар жасанды интеллект дәуірінде сыни ойлау, эмпатия мен тиімді коммуникацияның маңызы талқыланды.
Семинардың практикалық бөлімінде қатысушылар әлеуметтік педагогтің алғашқы кеңес беру әңгімесін жүргізу, сенімді байланыс орнату, шиеленісті төмендету және жанжалды жағдайлармен жұмыс істеу тәсілдерін пысықтады. Сондай-ақ білім алушыларды әлеуметтік-педагогикалық қолдаудың негізгі бағыттарына арналған воркшоптар өткізілді.
