
ЕҰУ жас тарихшыларды республикалық олимпиадада тоғыстырды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының студенттері арасында «Жошы ұлысы – Алтын Орда және қазақ мемлекеттілігінің тарихы» тақырыбында республикалық олимпиада өтті. ЕҰУ-дың 30 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған білім сайысы жастардың тарихи білімін тереңдетіп, ұлттық тарихқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталды.
Іс-шарада ЕҰУ Академиялық мәселелер жөніндегі департаментінің директоры Байжұман Қашқынбай сөз сөйлеп, Жошы ұлысы мен Алтын Орда тарихын зерттеу мен қазақ мемлекеттілігінің тарихи тамырларын түсінудегі маңызына тоқталды.
«Жошы ұлысы мен Алтын Орда тарихын зерделеу – қазақ мемлекеттілігінің тарихи тамырларын терең түсінуге мүмкіндік береді. Мұндай олимпиадалар жастардың тарихи танымын кеңейтіп қана қоймай, ғылыми ізденіске деген қызығушылығын арттырады. Студенттердің осы бағыттағы білімін шыңдап, өз зерттеулерін таныстыруы аса маңызды», – деді ол.
ЕҰУ Тарих факультетінің деканы Өмірбай Бекмағанбетов студенттердің отандық тарихты терең меңгеруі мен зерттеушілік қабілетін дамытуда білім сайыстарының рөліне назар аударды.
«Олимпиаданың басты мақсаты – студенттердің отандық тарихқа деген қызығушылығын арттырып, тарихи деректермен жұмыс істеу және ғылыми ой қорыту дағдыларын дамыту. Жошы ұлысы мен Алтын Орда мұрасы қазақ мемлекеттілігінің тарихында ерекше орын алады. Бұл тақырыпты жас зерттеушілердің терең зерделеуі маңызды», – деді факультет деканы.
«Алтын Орда өркениеті» кафедрасының меңгерушісі Мақсат Алпысбес олимпиаданың мақсаты мен өткізілу тәртібіне тоқталды. Оның айтуынша, байқау студенттердің тарихи білімін саралап, ғылыми әлеуетін көрсетуге мүмкіндік береді.
«Республикалық олимпиада студенттердің Жошы ұлысы, Алтын Орда және қазақ мемлекеттілігінің тарихы бойынша білімін саралап, ғылыми әлеуетін танытуға мүмкіндік береді. Қатысушылар бейнеролик таныстырып, эссе жазады, тест тапсырмаларын орындайды және сұрақ-жауап кезеңінде білімдерін көрсетеді. Басты мақсатымыз – жастардың тарихи мұраға қызығушылығын арттырып, зерттеушілік қабілетін дамыту», – деді Мақсат Алпысбес.
Олимпиада төрт кезеңнен тұрады: бейнеролик таныстыру, эссе жазу, тест тапсырмаларын орындау және сұрақ-жауап кезеңі. Қатысушылар Жошы ұлысы, Алтын Орда тарихы мен қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына қатысты білімдерін көрсетіп, өзара тәжірибе алмасты.
Республикалық олимпиадаға Қазақстанның жоғары оқу орындарынан студенттер мен олардың ғылыми жетекшілері қатысты. Білім сайысы жастардың тарихи танымын кеңейтіп, отандық тарихты ғылыми тұрғыдан зерделеуге ынталандыруға бағытталды.
