
ЕҰУ Қазақстанның басқарушы кадрларын даярлады

Қазақстанның 18 топ-менеджері мен ұйым басшысы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Көшбасшылық 5.0: корпоративтік басқарудағы цифрландыру және жасанды интеллект» бағдарламасы бойынша EMBA дипломдарын алды. Түлектер ЕҰУ-дың Үздіксіз білім беру институтында білімдерін жетілдірді.
EMBA бағдарламасы қызмет атқарып жүрген басшылар мен кәсіпкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға, стратегиялық ойлау қабілеті мен тиімді басқарушылық шешімдер қабылдау дағдыларын дамытуға бағытталған. Оқу барысында тыңдаушылар менеджмент, қаржы, маркетинг, көшбасшылық және бизнесті дамыту салалары бойынша білім алып, практикалық жобалар әзірледі.
Диплом табыстау рәсіміне ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, Қазақстан Республикасы Президентінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Алексей Цой, ҚР Цифрлық үкіметті қолдау орталығының басшысы, Премьер-Министрдің кеңесшісі Әлия Оспанова, ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасы жанындағы Корпоративтік басқару жөніндегі ұлттық кеңестің төрағасы Қамбар Омаров, «Энергия үнемдеу ұлттық орталығы» АҚ басқарма төрағасы Бауыржан Смағұлов және оқытушылар қатысты.
Президент кеңесшісі Алексей Цой Executive MBA бағдарламасының мансап жолында жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті.
«Алдағы жылдары әрқайсыңызды жаңа лауазымдарда, тиімді менеджер ретінде көреміз деп ойлаймын. Әсіресе Мемлекет басшысы бірнеше рет назар аударған денсаулық сақтау жүйесінде көптеген өзгеріс болып жатыр. Бірінші басшыларға қойылатын біліктілік талаптарына бизнес-әкімшілендіру саласындағы білімнің міндетті түрде болуы енгізілген реформа аса маңызды болды. Соның нәтижесінде денсаулық сақтау жүйесінде менеджерлердің жаңа буыны қалыптасып, ірі медициналық ұйымдардың басшылары кәсіби басқарушыларға айнала бастады», – деді Алексей Цой.
Биыл алғаш рет ЕҰУ-дың EMBA дипломдарын денсаулық сақтау саласының өкілдері алды. Бұл туралы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов өз сөзінде кеңінен айтты.
«Биылғы бағдарламаның басты ерекшеліктерінің бірі – оған Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің алғаш рет қатысуы. Бұл өңірлік денсаулық сақтау жүйесінің басқарушылық әлеуетін дамытуға, корпоративтік басқарудың заманауи тәсілдерін, цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын енгізуге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт денсаулығы еліміз үшін ең басты құндылық екенін, сондықтан медицинаны дамыту мемлекеттің стратегиялық міндеті саналатынын атап өткен болатын. Бұл міндеттерді жүзеге асыру терең кәсіби білімі, стратегиялық ойлау қабілеті және басқарушылық құзыреттері бар басшыларды талап етеді», – деді ректор.
Қазақстан Республикасы Цифрлық үкіметті қолдау орталығының басшысы Әлия Оспанова EMBA тәжірибелі мамандарға жаңа білім мен басқарушылық құзыреттерді меңгеруге мүмкіндік беретін маңызды білім беру бағдарламасы екенін атап өтті.
«Түлектер алған білімі мен тәжірибесін өз салаларын дамытуға, тиімді басқарушылық шешімдер қабылдауға және жаңа бастамаларды жүзеге асыруға бағыттайтынына сенімдімін. Өзім шетелде тоғыз жыл білім алып, Қазақстанға шамамен төрт жыл бұрын оралдым. Бұрын біз шет мемлекеттердің тәжірибесін үйренетін едік. Ал бүгінде Қазақстан өз білімі мен тәжірибесін басқа елдермен бөлісе алатын мемлекетке біртіндеп айналып келеді», – деді ол.
Түлектер оқу бағдарламасы кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтіп, басқарушылық ойлау қабілетін жаңа деңгейге көтергенін атап өтті.
«Оқу барысында біз білім алып қана қоймай, практикалық басқару міндеттерін шешудің заманауи тәсілдерін меңгердік. Әсіресе оқытушылармен және әріптестермен тәжірибе алмасудың маңызы зор болды. Бұл біздің кәсіби көзқарасымызды айтарлықтай кеңейтті. Диплом – үлкен еңбектің нәтижесі әрі жаңа мақсаттарға бастайтын маңызды қадам. Алған білімімді кәсіби қызметімде тиімді қолданып, еліміздің дамуына үлес қосуға ниеттімін», – деді EMBA бағдарламасының түлегі Зауреш Ермекова.
Ұйымдастырушылар мен оқытушылар атынан Үздіксіз білім беру институтының директоры Әсем Ілиясова, Global ESG Partnership төрағасы Айдар Қазыбаев және Экономикалық зерттеулер институты талдау орталығының жетекші ғылыми қызметкері Азамат Нұрсейітов сөз сөйледі.
Салтанатты рәсім концерттік бағдарламамен аяқталды.
