
ЕҰУ-да «Заң және тәртіп» қағидаты талқыланды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Заң және тәртіп» тақырыбында танымдық дәріс өтті. Кездесуге Астана қаласы прокуратурасының басқарма прокуроры Данияр Оразбаев пен Астана қаласы полиция департаменті Полк қызметінің инспекторы Жұбат Асылбек, университет оқытушылары мен студенттер қатысты.
Дәріс барысында заң саласының мамандары құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаттары, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, заң талаптарын сақтаудың маңызы жөнінде әңгімеледі. Сондай-ақ қоғамдағы құқықтық мәдениетті қалыптастыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және жастардың заң алдындағы жауапкершілігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Прокурор Данияр Оразбаев жастар арасында жиі кездесетін құқық бұзушылықтарға тоқталып, интернеттегі алаяқтықтан қорғану, жеке деректердің қауіпсіздігін сақтау және киберкеңістіктегі жауапкершілік туралы практикалық кеңестер берді. Сонымен қатар кез келген азамат өз құқығын біліп қана қоймай, өзгенің құқығына құрметпен қарауы керектігін атап өтті.
«Заң мен тәртіп – қоғам тұрақтылығы мен азаматтар қауіпсіздігінің басты негізі. Әр адам өз құқықтарын біліп қана қоймай, заң талаптарын сақтап, өзгенің құқығына құрметпен қарауы тиіс. Әсіресе, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, интернет алаяқтығы мен өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алу маңызды. Заңға құрмет отбасынан, білім ордасынан және әр азаматтың жеке жауапкершілігінен басталады», – деді прокурор Данияр Оразбаев.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында жалғасты. Студенттер құқықтық жауапкершілік, еңбек қатынастары, қоғамдық тәртіп және цифрлық қауіпсіздікке қатысты сауалдарын қойып, мамандардан нақты жауап алды.
«Кездесу өте мазмұнды әрі пайдалы өтті. Қалалық полиция департаменті Полк қызметінің инспекторы Жұбат Асылбек күнделікті өмірде кездесетін құқықтық мәселелерді нақты мысалдар арқылы түсіндірді. Әсіресе, интернет алаяқтығынан қорғану, жеке деректерді сақтау және жастардың құқықтық жауапкершілігі туралы ақпарат біз үшін өте маңызды болды. Кездесу заңды білу өз құқығыңды қорғаумен қатар, қоғам алдындағы міндетіңді сезіну екенін ұғындырды», – деді филология факультетінің 2 курс студенті Аяжан Кенжалы.
Іс-шараның негізгі мақсаты – білім алушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңға құрмет сезімін қалыптастыру және қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жастардың белсенді қатысуына ықпал ету. Мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
