
ЕҰУ студенті «Үздік студент - 2026» байқауының жеңімпазы атанды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Физика-техникалық ғылымдар институтының «Техникалық физика-33» тобының студенті Бибігүл Бостан республикалық «Үздік студент – 2026» байқауының жеңімпазы атанды.
Байқау қорытындысы бойынша Бибігүл Бостан I дәрежелі дипломмен және «Үздік студент» төсбелгісімен марапатталды.
Бибігүл Бостан университеттің қоғамдық өміріне белсенді араласып, көшбасшылық қасиеттерін, бастамашылдығы мен жауапкершілігін танытып келеді.
2025–2026 оқу жылында ол Физика-техникалық ғылымдар институты Жастар орталығының баспасөз хатшысы қызметін атқарды. Осы қызмет аясында институтта өткізілген іс-шараларды ақпараттық сүйемелдеуге, студенттік бастамаларды жариялауға және студенттік қауымдастықпен байланысты дамытуға үлес қосты.
Қазіргі уақытта, 2025–2027 оқу жылдары аралығында, Бибігүл Физика-техникалық ғылымдар институтының студенттік директоры қызметін атқаруда. Сонымен қатар институт Старосталар кеңесінің мүшесі ретінде студенттер мен институт басшылығы арасындағы өзара байланысты нығайтуға, жастар бастамаларын қолдауға және студенттік іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысады.
Оның қоғамдық қызметінде волонтерлік бағыттың да орны ерекше. Бибігүл Бостан ЕҰУ Студенттік бастамалар бөлімінің «Қамқор» волонтерлік лигасының мүшесі болып табылады. Ол 2026–2027 оқу жылында аталған лиганың құрамына Физика-техникалық ғылымдар институтының атынан енгізілді.
Белсенді азаматтық ұстанымы, ұйымдастырушылық қабілеті және студенттік ортаның дамуына қосқан үлесі оның қоғамдық қызметінің маңызды қырлары болып табылады. «Үздік студент – 2026» республикалық байқауындағы жеңісі оның бастамашылдығының, жауапкершілігінің және жеке әрі кәсіби дамуға деген ұмтылысының лайықты бағасы болды.
Бибігүл Бостанның бұл жетістігі - студенттік белсенділігі мен еңбегінің нәтижесі әрі университет ұжымы үшін зор мақтаныш.
Бибігүлді лайықты марапатымен құттықтап, алдағы уақытта толағай табыстар, жаңа жетістіктер мен биік белестер тілейміз!
Республикалық байқауды «Bilim-Orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырды. Байқаудың басты мақсаты — талантты әрі бастамашыл студенттерді анықтау және қолдау, олардың жетістіктерін насихаттау, жастардың зияткерлік және шығармашылық әлеуетін дамыту.
Байқау креативті идеялар мен жаңа бастамаларды қолдауға, сондай-ақ студенттердің елдің қоғамдық, ғылыми және шығармашылық өміріне белсенді қатысуын ынталандыруға бағытталған.
