
ЕҰУ-дың цифрлық геотехника саласындағы инновациялық жобасы Қытайда таныстырылды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Құрылыс» кафедрасының профессоры, ЕҰУ Геотехникалық институтының директоры Асқар Жүсіпбеков Қытайдың Ухань қаласында өткен «2026 China-Africa Innovation Cooperation and Development Forum» халықаралық форумында университеттің инновациялық әзірлемесін таныстырды.
Форумның негізгі дәріскерлерінің бірі ретінде ғалым жасыл көлік инфрақұрылымы нысандарын салу кезінде іргетастарды оңтайландыруға арналған геоақпараттық деректер базасы мен жасанды интеллект жүйесін әзірлеу тақырыбында баяндама жасады. Аталған ғылыми жобаның грант иегері - ЕҰУ.
Жобаның негізгі мақсаты - іргетастарды жобалау үдерісін оңтайландыруға, инженерлік-геологиялық іздестіру жұмыстарының мерзімі мен шығындарын қысқартуға, сондай-ақ құрылыс нысандарының сенімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық геоақпараттық деректер базасын құру.
Жобаны практикалық тұрғыдан іске асыру Қазақстанның бес қаласы: Алматы, Астана, Павлодар, Ақтау және Түркістан бойынша геоақпараттық деректер базасын қалыптастыруды көздейді. Жүйенің негізін аумақтардың инженерлік-геологиялық жағдайлары мен топырақ негіздерінің көтергіштік қабілеті туралы мәліметтер құрайды.
Бұл деректерді пайдалану жобалардың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу кезеңінде топырақ жағдайларының ерекшеліктерін ескере отырып, іргетастардың оңтайлы түрлері мен геометриялық параметрлерін анықтауға мүмкіндік береді.
Әзірлеменің Алматы қаласы үшін маңызы ерекше. Себебі қала белсенді тектоникалық жарылымдар аймағында орналасқан және күрделі инженерлік-геологиялық жағдайларымен сипатталады.
«Жобаның практикалық маңыздылығы инженерлік-геологиялық жағдайлар мен топырақ негіздерінің көтергіштік қабілеті туралы жүйеленген ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік беретін бірыңғай геоақпараттық деректер базасын құрумен байланысты. Бұл неғұрлым негізделген жобалық шешімдер қабылдауға, іргетастардың параметрлерін оңтайландыруға, іздестіру және жобалау жұмыстарына жұмсалатын шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Мұндай шешімдерді белсенді тектоникалық жарылымдар аймағында орналасқан Алматы қаласында қолданудың маңызы зор. Топырақ негіздерінің көтергіштік қабілеті мен деформацияланғыштығын дәл болжау – сейсмикалық қауіпті аймақтардағы ғимараттар мен құрылыстарды қауіпсіз пайдаланудың негізгі шарттарының бірі», - деп атап өтті Асқар Жүсіпбеков.
Халықаралық форум аясында ЕҰУ профессоры Ухань технологиялық университетінің құрылыс факультеті деканы, профессор Дуншэн Ксюдің шақыруымен университеттің жаңа геотехникалық зертханасына да барды. Сонымен қатар «Геотехника» мамандығының докторанттары мен магистранттарына «Қазақстанның күрделі топырақ жағдайларында геоақпараттық деректер базасын пайдалану арқылы ғимараттар мен құрылыстардың іргетастарын оңтайландыру» тақырыбында дәріс оқыды.
Бұдан бөлек, Қытайдың Үрімші қаласындағы Шыңжаң университетіне жасаған техникалық сапары барысында 2027 жылғы шілдеде өтетін төртінші халықаралық геотехникалық воркшопты ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Іс-шараға Шыңжаң университетінің (Қытай), Хатинохе технологиялық институтының (Жапония) және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің (Қазақстан) ғалымдары қатысады деп жоспарлануда.
Жобаны іске асырудың өндірістік маңызымен қатар, ғылыми-білім беру тұрғысынан да мәні зор. Құрылып жатқан геоақпараттық деректер базасы геотехника, цифрлық құрылыс және жобалауда жасанды интеллектіні қолдану салаларындағы қолданбалы зерттеулерді дамытуға арналған цифрлық платформаға айналады. Сонымен қатар мамандар даярлау мен халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашады.
Айта кетейік, «2026 China-Africa Innovation Cooperation and Development Forum» форумының негізгі ұйымдастырушылары China-Africa Innovation Cooperative Center, Harbin Institute of Technology, Huazhong University of Science and Technology және Huabei University of Technology болды. Халықаралық форум жұмысына әлемнің 30 елінен 600-ден астам ғылыми және сарапшылық қауымдастық өкілдері қатысты.
