
ЕҰУ проректоры ҚР Президенті жанындағы Ұлттық комиссия құрамына енді

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Индира Рыстина Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның жаңартылған құрамына енді.
Тиісті Жарлыққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 24 қарашада қол қойды.
Ұлттық комиссияның жаңартылған құрамына сондай-ақ Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттары, қоғам қайраткерлері, ғылыми және академиялық қауымдастық, бизнес және үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, құқық, денсаулық сақтау, психология, гендерлік және отбасылық-демографиялық саясат саласындағы сарапшылар енді. Комиссия құрамында барлығы 30 адам бар.
Комиссияның қызметі отбасыға қатысты мемлекеттік саясатты іске асыруға, гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге, әйелдердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, сондай-ақ отбасылық-демографиялық саясат мәселелерін шешуге бағытталған.
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ұжымы Индира Садыбекқызын құттықтап, Ұлттық комиссия құрамындағы жұмысына табыс пен жемісті еңбек тілейді!
