
Үздіксіз білім беру институты кәсіби сертификаттау инфрақұрылымын кеңейтуде: жаңа аккредиттеу куәлігі алынды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Үздіксіз білім беру институтының Сертификаттау орталығы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті берген бухгалтерлерді кәсіби сертификаттау жөніндегі ұйымды аккредиттеу туралы куәлікті алды.
Алынған аккредиттеу мемлекеттік мекемелердің бухгалтерлік қызметкерлерін кәсіби сертификаттау саласында Орталықтың жаңа мүмкіндіктерін ашып, қаржы-экономикалық бейіндегі мамандардың кәсіби біліктілігін растау бағытындағы қызмет аясын кеңейтеді.
Жаңа бағыт аясында Орталық мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардағы бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілікті жасау ерекшеліктеріне бағдарланған, оның ішінде Қоғамдық секторға арналған қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттарына (ҚСҚЕХС) және Қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттарына (ҚЕХС) сәйкес мамандандырылған бағдарламалар әзірледі.
ЕҰУ-дың Үздіксіз білім беру институтының Сертификаттау орталығы халықаралық және ұлттық кәсіби емтихандарды ұйымдастыруда айтарлықтай тәжірибеге ие. Оның қызметінің негізгі бағыттарының бірі – бухгалтерлік есеп, қаржы және аудит саласындағы халықаралық кәсіби ұйым – Association of Chartered Certified Accountants (ACCA) ұйымымен ынтымақтастық.
ЕҰУ-дың Үздіксіз білім беру институтының базасында Астана және Алматы қалаларында ACCA-ның екі аккредиттелген емтихан орталығы жұмыс істейді. Орталықтар ACCA халықаралық біліктілік бағдарламалары, оның ішінде Foundations in Accountancy және ACCA Qualification бойынша компьютерлік емтихандар өткізуді қамтамасыз етіп, үміткерлерге халықаралық деңгейдегі кәсіби біліктіліктерді алу мүмкіндігін ұсынады.
ACCA халықаралық емтихандарымен қатар, Сертификаттау орталығы «Қазақстан Республикасының Кәсіби бухгалтері» және «Мемлекеттік аудитор» біліктіліктерін қоса алғанда, ұлттық кәсіби сертификаттау бағыттарын дамытып, емтихандарды ұйымдастыруды және мамандардың кәсіби құзыреттерін растауды қамтамасыз етеді.
Бухгалтерлерді кәсіби сертификаттау жөніндегі ұйымды аккредиттеу туралы куәліктің алынуы Орталықтың дамуындағы және халықаралық әрі ұлттық кәсіби сертификаттау жөніндегі мамандандырылған алаң ретіндегі мүмкіндіктерін нығайтудағы кезекті маңызды кезең болды.
Бүгінде ЕҰУ Үздіксіз білім беру институтының Сертификаттау орталығы халықаралық емтихан бағыттарын, ұлттық кәсіби сертификаттауды және біліктілікті растаудың жаңа мүмкіндіктерін біріктіре отырып, Қазақстанның қаржы-экономикалық саласындағы кәсіби стандарттар мен кадрлық әлеуетті дамытуға үлес қосуда.
