
ЕҰУ-да 110-ға жуық ұйым студенттерге бос жұмыс орындарын ұсынды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жыл сайынғы бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Оған 110-ға жуық ұйымның өкілдері қатысып, студенттерге өздеріндегі бос жұмыс орындары мен тағылымдамадан өту мүмкіндіктерін ұсынды. Жұмыс берушілер қатарында мемлекеттік мекемелер, ұлттық және халықаралық компаниялар, қаржы және білім беру ұйымдары, сондай-ақ жеке кәсіпорындар бар. Іс-шараға университет проректорлары, оқытушылар мен бітіруші түлектер де қатысты.
Жәрмеңкені ашқан ЕҰУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай 2027 жылы университетті бітірушілер саны оқу орнының тарихындағы ең жоғары көрсеткішке жететінін атап өтті.
«2027 жылы университетімізді шамамен 10 мың түлек бітіреді деп күтілуде. Бұл – ЕҰУ тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Оның ішінде 7 мыңнан астамы бакалавриат, 2 мыңға жуығы магистратура және 400-ге тарта білім алушы докторантура бағдарламаларында оқиды. Барша түлекке дипломдық жұмыстарын сәтті қорғап, таңдаған мамандығы бойынша жемісті еңбек етулеріне тілектеспін», – деді проректор.
«Teach for Qazaqstan» қоғамдық қорының оқыту және қолдау жөніндегі менеджері Майя Қожаназарова ұйымның білім беру саласындағы теңсіздікті азайтуға бағытталған екі жылдық бағдарламасы туралы айтып берді.
«Біздің мақсатымыз – қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасының алшақтығын азайту. Осы мақсатта түрлі сала мамандарының арасынан іріктеу жүргіземіз. Бағдарламаға қабылданған қатысушылар арнайы дайындықтан өтіп, өңірлердегі мектептерде мұғалім болып жұмыс істейді. Оларға бағдарлама барысында кәсіби қолдау көрсетіліп, стипендия төленеді. Сонымен қатар көшбасшылық қабілеттерін дамытуға және халықаралық тәжірибе алмасуға мүмкіндік беріледі», – деді қор өкілі.
ЕҰУ-дың «Мейрамхана ісі және қонақүй бизнесі» білім беру бағдарламасының студенті Әнел Мұқашева жәрмеңкенің өзіне пайдалы болғанын атап өтті.
«Мен осы мамандық бойынша білім алғандықтан, қонақүй және мейрамхана саласындағы жұмыс берушілердің ұсыныстарына ерекше қызығушылық таныттым. The Ritz-Carlton сияқты танымал қонақүйлердің өкілдерімен танысып, жұмысқа орналасу және тәжірибеден өту мүмкіндіктері туралы ақпарат алдым. Мұндай жәрмеңкелер студенттерге үлкен мүмкіндік береді деп ойлаймын», – деді студент.
Жәрмеңке барысында білім алушылар жұмыс берушілердің көрме стендтерін аралап, бос жұмыс орындары, тағылымдамалар, өндірістік және дипломалды тәжірибеден өту мүмкіндіктері туралы ақпарат алды. Сондай-ақ түлектер ұйым өкілдеріне тікелей сұрақ қойып, түйіндемелерін ұсынды.
