
ЕҰУ-дың «Күміс университеті» тыңдаушыларын заманауи нейротехнологиялармен таныстырды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Үздіксіз білім беру институты «Күміс университетінің» тыңдаушыларына арналған «Динамикалық нейродетекция әдісі күнделікті өмірде қалай көмектеседі?» атты ақпараттық-таныстыру семинарын өткізді.
«Күміс университетінің» білім беру бағдарламаларын қалыптастыру кезінде аға буын тыңдаушылары арасында жүргізілген сауалнамалардың нәтижелері, олардың қызығушылықтары мен ұсыныстары ескеріледі. Әсіресе есте сақтау мен зейінді сақтау, ойлау қабілетін дамыту, эмоционалдық саулық және заманауи технологияларды меңгеру мәселелеріне ерекше назар аударылады.
Семинар мидың жұмысына, ақпаратты қабылдау ерекшеліктеріне, ойлау, эмоционалдық жағдайлар мен адамның мінез-құлқы арасындағы өзара байланысқа арналды.
Дәріскер Күләймаш Мұстафина қатысушыларды нейрофизиология негіздерімен, электроэнцефалография (ЭЭГ) қағидаларымен және динамикалық нейродетекцияның (ДНД) мүмкіндіктерімен таныстырды. Тыңдаушылар күйзеліс реакцияларының, мазасыздық жағдайлары мен когнитивтік жүктеменің пайда болу механизмдері туралы ақпарат алды.
Практикалық бөлімде нейродетектордың жұмысы көрсетіліп, ЭЭГ-биокері байланысының негізгі қағидалары түсіндірілді. Қатысушылар жүйке жүйесінің психофизиологиялық реакцияларының қалай тіркелетінін көріп, зейінді басқару мен өзін-өзі реттеудің негізгі тәсілдерін талқылады.
Қосымша баяндамашы Константин Гусев заманауи нейротехнологиялардың мүмкіндіктері мен шектеулері туралы практикалық тәжірибесімен және білімімен бөлісті. Ол алынған нәтижелерді сыни тұрғыдан бағалаудың, ғылыми тәсілдер мен мистикалық түсіндірулерді ажыратудың маңыздылығына назар аударды.
Семинар тыңдаушылардың қызығушылығын тудырды. Қатысушылар тақырыптың өзектілігін, материалдың түсінікті берілуін және кездесудің практикалық бағыттылығын атап өтті.
Осындай сабақтарды өткізу ЕҰУ-дың «Күміс университетінің» аға буын өкілдерінің сұраныстарын ескере отырып, білім беру бағдарламаларын дамытуға, тыңдаушылардың когнитивтік белсенділігін қолдауға, тұлғалық дамуына, әлеуметтік ортаға араласуына және белсенді ұзақ өмір сүруіне жағдай жасауға бағытталған ұстанымын көрсетеді.
