
Абай атындағы ҚазҰПУ-да ғалым Мәмбет Қойгелдиевтің «Алаш қозғалысы» монографиясы таныстырылды

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде тарихшы ғалым, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Мәмбет Қойгелдиевтің 80 жылдық мерейтойына арналған «Ұлттың қорытылған тарихы: бүгінгі жағдайы және болашағы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференцияның мақсаты – отандық тарих ғылымының қазіргі даму үрдістерін талқылау, ұлттық тарихты зерттеудегі өзекті мәселелерді саралау, тарихи мұраға ғылыми баға беру және тарихнаманың алдағы басым бағыттарын айқындау.
Ұлттың тарихи қалыптасу жолын, өткен дәуірлердегі маңызды оқиғалар мен көрнекті тұлғалардың рөлін зерделеу – тәуелсіз мемлекет үшін маңызды міндет. Бұл бағыттағы зерттеулер ұлттық тарихты терең түсінуге, тарихи мұраны сақтауға, ұлттық сана мен тарихи жадты нығайтуға негіз болады.
Конференцияны Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Болат Тілеп жүргізді. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов Қазақстан Республикасының Президенті
Қасым-Жомарт Тоқаевтың мерейтой иесіне жолдаған құттықтау хатын оқып берді.
«Мәмбет Құлжабайұлы – тарих ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген көрнекті ғалым, зерттеуші. Ол жиырмасыншы ғасырдың басында өмір сүрген ұлт қайраткерлерінің өмірі мен мол мұрасын зерттеп, жұрт жадын жаңғырту жолында аянбай еңбек етті. Өз зерттеулері арқылы ұлт тарихына қатысты шынайы көзқарас қалыптастырып, төл тарихымызды дәріптеу мақсатында зор еңбек сіңірді. Ғибратты ғалым еліміздің беделді оқу орындарында абыройлы қызмет етіп, жоғарғы білім саласында өз қолтаңбасын қалдырды. Қазір де көптеген шәкірт тәрбиелеп, ұлтымыздың зияткерлік қуатын арттыруда» делінген хатта.
Халықаралық конференцияға Қазақстан, АҚШ, Жапония, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Украина және Оңтүстік Кореядан келген ғалымдар мен зерттеушілер, сондай-ақ отандық жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Мәмбет Қойгелдиев «Отандық тарихнаманың қазіргі кезеңдегі даму ерекшеліктері туралы», тарихшы Ханкелді Әбжанов «Отандық тарих ғылымының көшбасшысы» тақырыптарында баяндама жасады.
Сонымен қатар АҚШ-тың Мичиган университетінің профессоры Тимур Қожаұлы, Жапонияның Хоккайдо университетінің профессоры Томакихо Уяма, Ресей Ғылым академиясы Ресей тарихы институтының профессоры Дина Аманжолова және өзге де шетелдік ғалымдар тарихи зерттеулердің өзекті бағыттары бойынша пікір білдірді.
Конференция аясында академик Мәмбет Қойгелдиевтің «Алаш қозғалысы» атты бес томдық монографиясының таныстырылымы өтті. Жиын соңында университет ректоры Болат Тілеп ғалымға «Айрықша еңбегі үшін» төсбелгісін табыстады.
